» » "Адамзат болу - міндетің" тақырыбына шығарма)
Информация к новости
  • Просмотров: 1323
  • Автор: janar
  • Дата: 29-06-2016, 07:25
  • 0
29-06-2016, 07:25

"Адамзат болу - міндетің" тақырыбына шығарма)

Категория: Шығармалар

ЖМИ НИЖЕ ССЫЛКУ, ЧТОБ УВИДЕТЬ ВЕСЬ ТЕКСТ ПОЗДРАВЛЕНИЙ!
Азамат болу – міндетің



Халқымыздың тілінде «азамат» ұғымы екі түрлі мағынада қолданылатыны белгілі. Екеуі де – қастерлі, екеуі де – қасиетті ұғым.
Бірі – адамның өз мемлекетіне қатынасын айшықтайтын ұғым болса, екіншісі – адамның ішкі қадір-қасиетінің өлшемін бағалайтын ұғым.
Осы екі ұғым мағыналық тұрғыдан алуан түрлі болып көрінетін болса да, ішкі ой-таным тұрғысынан алғанда, бір-біріне тіпті жақындай түсетін секілді.
Себебі белгілі. Бірінші ұғымда «Отан» деген қасиетті сөзді еске алсақ, ал екінші ұғымда – адамның ар-ожданы, ұят-иманы, сана мен жан-дүниенің асқақтығы тілге оралады. Жоғарыда айтылған қастерлі сөздердің бәрі айналып келгенде біз үшін рухани тұрғыдан нәр аларлық мағынасы бар дүниелер емес пе?!
Әйтсе де осы айтылған сөздердің, ұғымдардың барлығы да айтар сөзге келгенде соншалықты оңай, соншалықты жеңіл көрінгенімен, бұларды бойға сіңіру, дарыту оп-оңай келе қоярлық шаруа емес. Себебі бұл сөздердің аржағында табиғи мөлдір бастау боп саналатын «тәрбие» дейтін қастерлі ұғым жатқандығы анық.
Халқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесіне аса ден қойғаны белгілі. Тіпті ұлтымыздың қадір-қасиет, болмыс-бітіміне көз жүгіртіп отырсақ, халқымыз болашақ перзенттің ана құрсағында жатып-ақ сол ананың жан дүниесінің тазалығымен тыныстай алуы мүмкін екеніне сенгендей, перзент дүниеге келместен-ақ оның болашақ тәрбиесіне мән беріп қараған тәрізді.
Қазақ халқының тәлім-тәрбиесінде ұстанған ең басты нысанасы – ар, ұят, ождан мәселелері, бір сөзбен айтқанда, жанның тазалығы болды. Сондықтан да осы айтылған қасиеттер қыздың да, жігіттің де бойынан табылатындай етіп тәлім беруді басты қағида етті. Оның үстіне «ананың ақ сүті» деген қасиетті ұғымды тағы да қосыңыз. Осының барлығы перзент келешегінің табиғи тұрғыдағы мөлдір бастауы, бұлағы емес дей аласыз ба? Бала бойындағы асыл текті қалыптастырудағы алғашқы мектеп, алғашқы тәлім осында жатыр. Соны етене ұғынған халықтың өзі философиялық астары үлкен,  зор мәнге ие болып келетін "Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан",  "Алып анадан туады" секілді қастерлі сөз-ұғымдарды бекерден бекер айтқан жоқ.
Енді осынау қасиеттерге әке қанын қосыңыз. Жеті атаға жетпестен қыз алыспаған, қан тазалығына қатты мән берген қазақ халқы «тек» деген ұғымға аса көрегенділікпен назар аударды. Себебі біз сөз етіп отырған «азамат болу», «азаматтылық таныту» сияқты ұғымдардың қайнар көзінде де осы «тек» ұғымы бірінші болып көлденеңдеп тұрып алатыны даусыз.
Енді осыған «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген тәлім мен тәрбие мәселесін үстей түссек, әлгі қасиетті түсініктердің ұғым-аясы бұрынғыдан да кеңейіп, айшықтана, ажарлана түспес пе?
Жақсы тәрбие – жанның азығы. Өсіп келе жатқан бала жас шыбық секілді. Қалай исең, солай икемделеді. Осыны сергек көңілмен ұғынған халық бала тәрбиесіне бесігінен мән беріп қарады.
Табиғи-философиялық әуенге, сазға толы бесік жырының бойында астарлы мол қасиет жатты. Бұл тегіннен тегін емес. Қасиетті саздың бүкіл болмыс-бітімінде даралықпен өрілген адамгершілік, имандылық бастауы, даналықпен телінген сананың асқақтай түсуі, жаңғыруы, сергектікке ие болуы – бәрі - бәрі осынау табиғи, мөлдір, кіршіксіз бастау-бұлақтардың нәтижесі екені анық.
Ендеше, қасиетті «азамат», «азаматтылық таныту» ұғымдары ересек адамның бойында өз-өзінен көрініс таба қоймайды. Бұл қалай десек те, тек пен тәрбиенің жемісі екені даусыз.
Мен «азамат», «азаматтық таныту» ұғымдарын жалпыдан жалқыға аудара түсу мақсатында оған кейіпкер алуды жөн көрдім. Ұлан байтақ жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап өткен бытыр бабаларымыз, жұрт дегенде жұмылып, ел дегенде егіліп, келер ұрпаққа сара жол салып кеткен «Алаш» өкілдері, мұз жастанып, қар жамылып, тәуелсіздігімізге жол ашқан кешегі желтоқсандықтар, егемендігімізді шегелей түсу үшін игілікті істерге бастамашылық етіп жүрген бүгінгі ұлт жанашырлары тұлғаларын саралай келе, халқымыздың біртуар перзенті, қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы тұлғасын тілге тиек еткім келеді.
Табиғаттағы кез келген нәрсенің әу бастағы табиғи қалпын бұзу, өзгерту қаншалықты жақсылық сыйлай қояры белгісіз. Ендеше азамат болмақ ұлдың да өз тегінен, өз тамырынан ажырамай өмір сүруі – заңдылық. Қазақтың құнарлы топырағынан жаралған Бауыржан Момышұлы нағыз азамат еді-ау!
Эпостық жырлардағы жауымен дара соғысатын батырлардың жинақталған бейнесі кешегі қан майданда Баукең бейнесі болып, қайта жаңғырған сияқты көрінеді маған.  "Е, бабамның аруағы қолдадың ба?!" Бұл – өздерін дүние жүзіндегі ең ақылды, таза халықпыз деп асқақтаған неміс - фашист басқыншыларынан айласын асырып, соққы берген уақытта, жаудың есеңгірей қашқан сәтін көріп, батырдың айтып қалған сөзі. Немесе шегінуге рұқсат сұраған батальон командирі Исламқұловқа "Ей, Мұхаметқұл! "Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді" деген қазақтың мақалын білуші ме ең?!" деп қайрап салған сөздерінен кейін, қазақтың комбат жігітінің жауға қыранша шүйлігуі таңданарлық жай емес пе?! Қазақ мақалы жат жерде болып жатқан ұрыс жағдайына әсер етіп жатады. Осының барлығы Баукеңнің өз халқының тегінен жаратылған, ұлтына адал перзенті екенін дәлелдей түседі.
Ендеше Баукең бойындағы азаматтық қырдың, ерліктің, батыр ғұмырында көрініс тапқан ар, ұят, ождан сияқты биік те кемел қасиеттердің болуы осыған тікелей байланысты.
Адам – ардақты ат. Ендеше, адам бойындағы Тәңірден берілер қастерлі ұғымдар жойылмай өмір сүргенде ғана пенде баласы осынау бас әріппен жазылар аяулы ұғымға лайықты болып өмір кешеді. Мен өз шығармама арқау етіп отырған батыр бейнесі сол азаматтық қалыптың үдесінен көріне алған жан еді. Ол әрқашан да жанына шындық пен әділдікті, тазалық пен парасатты, адалдық пен асқақтықты риясыз қалпында серік ете алған жан болды. Себебі батыр бойынан ар, иман, ұят, ел мен жерге деген парыз ұғымдары ешқашан өшкен емес, жоғалған емес. Ол бұл жолдарда әрдайым да жасандылықтан ада болып, жан-дүниесі жарқыраған қалпында өмір сүрді. Осынау қастерлі ұғымдарды шен-шекпен, атақ, әлдебір оңайдан келетін жылтырақ, олжа үшін айырбастамады. Бұл батыр өмірін білетін бүгінгі ұрпақ – біз үшін де әр кезде мақтан тұтар үлгілі қасиеттер болып қала бермек.
Міне, біз қаншама жылдар тәлім алған алтын ұя – аяулы мектебімізден ұшқалы отырмыз. Армандарымыз – асқақ, мақсаттарымыз – биік, сапарымыз – айқын. Жолымыз ақ болсын деп тіледік. Ендігі сәтте аяулы ата-аналарымыз бен ардақты ұстаздарымыз дарытқан тек пен тәлімді өмірдің өз тәжірибесінде сынап көрер сәт туды. Иә, біз – ертеңгі маманбыз. Жақсы маман болуға да талпыныс жасайтындығымыз анық. Бірақ әңгіме осымен ғана шектелер ме екен. Біз ең алдымен адамдық ар-ұяттың, адалдық пен жақсылықтардың, әділдік пен қайырымның, Отанға деген перзенттік қызметтің, елге, туған жерге деген шынайы махаббаттың өлшемінде өмір сүре аларлық маман болуымыз керек. Біздің жан-дүниемізге білім ғана емес – биіктік, таным ғана емес – тереңдік ұя салғанда ғана, біз азаматтық қалпымыздан ауытқымай өмір сүре алмақпыз. Бұл жол оңай емес, бірақ өмірдің шынайы да мәртебелі, адастырмас айқындығы бар жалғыз соқпағы осы ғана. Өмір енді басталды.
Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Для зарегистрированных пользователей реклама отключена.

Добавление комментария

Имя:*
E-Mail:
Комментарий:
Полужирный Наклонный текст Подчеркнутый текст Зачеркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Вопрос:
Қазақстанның астанасы -
Ответ:*
Введите два слова, показанных на изображении: *
^