Бiр жасыңмен, қазақ! /"Айқын" газетінен/ |
![]() |
![]() Үш күннен соң қазақ халқы бір-бірімен көрісе бастайды. Жасы кішілер үлкендердің үйін аралап, қол алысып, төс қағысып, амандасып көріседі. Бұл - халық дәстүрінде тоғыз күн тойланатын наурызнаманың белгісі. Әйткенмен еліміздің басым өңірлерінде санадан сызылып кеткен бұл салт тек батыс аймақта ғана сақталып қалған. Оның өзінде Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Ақтөбе аймағының Байғанин, Темір аудандарында, сондай-ақ Астрахань, Самара, Волгоград және Түрікменстан қазақтарында ғана қолданысқа ие.
Көрісу - ынтымақ-бірлікке бастайтын жақсы дәстүр. Жыл сайын 14 наурызда батыстықтар «Бір жасыңмен!» десіп, көрісіп жатады. Бұл күннен бастап олардың үйлерінің есік ілгешегі салынбайды. Қайта жасы кішілер үлкендердің үйін жағалап, сәлем беріп қалуға тырысады. Әйтпесе көріспеген адамымен жол-жөнекей кездесіп қалатын болса, бұл әбестік, үлкенді сыйламау болып есептеледі. Дегенмен төс түйістіріп көріспейтін жандар да бар. Мәселен, келіндер қайын ата, аға, апа-жезделерімен көріспейді, тек қана тізе бүгіп, сәлем жасайды.
|