» » » Зейнеп АХМЕТОВА: Өмірге адам әкелу - әлемдегі ең қасиетті құбылыс...
Информация к новости
  • Просмотров: 6257
  • Автор: janar
  • Дата: 9-09-2011, 09:37
9-09-2011, 09:37

Зейнеп АХМЕТОВА: Өмірге адам әкелу - әлемдегі ең қасиетті құбылыс...

Категория: Салт-дәстүрлер, тағы басқа

ЖМИ НИЖЕ ССЫЛКУ, ЧТОБ УВИДЕТЬ ВЕСЬ ТЕКСТ ПОЗДРАВЛЕНИЙ!
Зейнеп АХМЕТОВА: Өмірге адам әкелу - әлемдегі ең қасиетті құбылыс...

Жеріктіктің құпиясы 
Бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншек бұрын-соңды болмаған сезім-түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін өзі де түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, көмек жасау, мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады
Егер келіннің жерік асы табылмаса, босанғанша ішкені бойына сіңбей, әл-дәрмені құрып, басы айналып, көңілі жер тартып, әбден титықтайды. Қазақ мұндайды «ит жерік» дейді. Ал осындай жаны мен тәні бірдей азаптанып жүрген адамның жай-күйінің қаншалықты жағымсыз болатыны өзінен-өзі түсінікті. Бұл жағдай тікелей іштегі шаранаға әсер етеді. Өйткені ананың жерігі, ең алдымен, баланың табиғи қажеттілігінен, қандай да бір дәруменнің жетіспеушілігінен туындайды. Жерігі қанбаған анадан туған нәрестенің есейгенше аузынан сілекейі шұбырып, үнемі қанағатсызданып жылай беретін беймаза болады. Сондықтан да келіннің жерік асына аса жауапкершілікпен, үлкен қамқорлықпен қараған жөн.
Тілімізде «жерік асын жегендей балбырады», «жерік асы табылғандай қуанды» дейтін қалыптасқан сөз тіркестері бар. Айтса айтқандай, болашақ ананың аңсары ауған тағамы табылып, соны құмары қанып қабылдаған соң еш нәрсемен салыстыруға болмайтын ғажайып рахат сезім сәттеріне бөленеді. «Тортасынан айырған сары майдай» жан дүниесі еріп, мінез-құлқы жайдарыланады. Айналасы алқызыл гүлдерге тұнып тұрғандай, төрт құбыласы түгелденгендей, өзінен-өзі қуанып, жүзіне нұр ұялайды, езуіне күлкі үйіріледі. Жанындағы адамдарға мейірлене қарайды, қолға алған ісін ықылас-пейілімен тыңғылықты атқарады. Осындай көл-көсір дархан көңіл күйдің іштегі баланың жетілуіне қандай жағымды әсер ететіні ешбір талас туғызбайды. Өкінішке қарай, қазіргі жас келіндердің көпшілігі «жеріктік» дейтін аса маңызды табиғи іңкәрліктің мән-мағынасын, қадір-қасиетін ұғына бермейді. Оның бала үшін орны толмас салдары болатынын бағалап та жатпайды.

«Жеріктік» тоқырау немесе тектік сәйкессіздік
Ана болып көрмеген тәжірибесіз келінге «жеріктіктің» мәнін түсіндіріп, жіліктеп ұқтыратын енелер бүгінде сирек. Бүгінгі келіндер дәрігер-кеңесшілерге жүгінеді. Дәрігерлер ғылыми тұрғыдан ақыл-кеңестерін айтып, арнайы дәрі-дәрмегін беріп, ай сайын тексеріп тұрады. Бұл - әрине, үлкен қамқорлық. Алайда әр адам - индивидиум. Оның жеке-дара, бөлек жаратылысы, өзгеге ұқсамайтын мінез-құлық, табиғи талғамы бар. Тіпті адамның дене бітімінің өзі қайталанбайды. Оған қоса, ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан тектік ¬¬¬¬(гендік) қасиет деген бар. Тектік қасиет ұлттық қасиетпен бірге өріліп жатады. Мұның барлығын ескермей, тек дәрігерлерге ғана көзсіз арқа сүйеудің нәтижесінде тәніміз бен жанымыздың өрістік қалауын өздігімізден ажырата алмайтын ішкі сезімдік тоқырауға ұрынғанбыз. Бұл ұлттық қасиеттерден ауытқуға әкелді. Кішкентай бір мысал келтірейік: осы күні «мынандай дәмге жерікпін» дегенді айтатын келін сирек. Есесіне, кез келгені тұздалған қияр мен капуста жеп, жеріктігін басады. Бұл нені көрсетеді? Бұл - жеріктік сезімнің тоқырауы, тектік сәйкессіздік. 
«Көңілсізден көзсіз бала туады» деген бар. «Аяғы ауыр келін ашық-жарқын, көңіл күйі көтеріңкі жүрсе, толғағы жеңіл болып, аман-сау босанады, бала ерте ширайды» деуші еді әжелеріміз. Ұрпағының қамын ол өмірге келмей жатып ойлаған ақылды ене ауыл жастарын шақырып «келін көңілі» деп аталатын әдемі басқосуды жасап береді. Жастар әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй шертіп, қызық ойындар ойнап, жарасымды әзіл-қалжыңмен болашақ ананың көңілін сергіткен. Қазіргі ғылыми-зерттеу тәжірибелері жағымды сезімде жүретін ананың баласы мейірімді, сезімтал, кісіге жақын, үйірсек болатынын дәлелдеп жүр. Ал әжелеріміз мұның бәрін баяғыда оқымай-ақ білген ғой. 
Тұңғыш баласына аяғы ауыр келіншек өзінің ана болатынын білгенімен, шын мәніндегі жүрек елжіретер шынайы аналық сезімді әлі түсінбейді. Бірақ оның бүкіл жаратылыс-болмысында өзгерістер жүріп жатады. Айналаны қабылдауы басқаша бір ағысқа түскендей болады.Өзінен-өзі мазасызданып, сәл нәрсеге кейіп, болар-болмасқа тарылып, әр нәрседен секемденіп, бұрын өзіне тән емес күй таңдау пайда болады. Әлгі ақын-жазушылар асқақтатып суреттейтін алып-ұшқан жүрек қуанышы, ана болу мақтанышы, шынын айтқанда, алғаш бала көтерген әйелде бола бермейді. Неге десеңіз, белгісіздік - қашанда құпиялы, қорқынышты. Ал өмірге адам әкелу - әлемдегі ең қасиетті құбылыс. Сол үшін де әжелеріміз «екіқабат әйелдің бір аяғы - жерде, бір аяғы - көрде» деп, ана болу бақытының қасында толып жатқан қауіп-қатердің бар екенін айтады. Ұғымды енелер бұл жағдайды жақсы біледі, біледі де, келін мінезіндегі құбылып тұрған көрініске, аумалы-төкпелі жай-күйіне кешіріммен, жанашырлықпен қарап, бауырына тарта мейірім көрсетеді.


«Келінді күте алмаған күң етеді...»
Келіннің мезгілімен тынығуына қамқорлық жасап, нәрлі тағамдарды, әсіресе ақ қосылған асты көбірек ішуін қадалаған. Баланың сүйегі шымыр, мықты болсын деп қызыл ірімшік жегізіп, арасында сағыз шайнатады. Қарағай сағыз, құм сағыз, жер сағыз секілді таза өсімдіктерден алынған ешбір қоспасыз, табиғи сағыздарды берген. Сонымен бірге баланың көру, есту қабілеті жақсы жетілсін әрі тамағы бойына сіңсін деп келінге рауғаш, жуа, қымыздық, саумалдық, түйетабан секілді өсімдіктерді, қарақат, бүлдірген, мойыл, жидек секілді жемістерді жегізген. Келіннің өзін күтіп, таза жүруіне көп көңіл бөлген. Киікоты, көкемарал, жалбыз, шайшөп, жұпар сияқты хош иісті шөптердің қоспасымен жуынуға үйреткен. Үйге арша, адыраспан секілді емдік қасиеті бар өсімдіктерді түтіндетіп, іштегі баланың тыныс мүшелерінің сезімтал болуына әсері барын да білген. «Балаға жағымсыз, кесірі тиеді» деп келіншектің тіс тазалығына да көп көңіл бөліпті. Азанда және жатарда тұзды сумен немесе жоғарыдағы аталған хош иісті өсімдіктердің қайнатпа тұнбасымен ауызды шайқатқан.
Үлкен кісілер немерелі болуды аңсап күтумен бірге нәрестенің өмірге аман-сау келуін өздері де міндетті санаған. Қамқор ене келінге ауыр нәрсе көтертпей, шаң-тозаңы, күл-қоқысы бар жұмысқа салмаған. «Әлденеден шошып қалмасын» деп түнде далаға жалғыз шығармаған. Ұрыс-керіс, айғай-шу болып жатқан жерден келінді аулақ ұстаған. Оның көзінше кім-кімге де өрескел сөйлеуге, айғайлауға, мінез көрсетуге тыйым салған. Оның өзіне де: «Қарағым, дауысыңды көтеріп даурықпай, биязы, сыпайы сөйле! Әйтпесе бөпеңнің мінезі шәлкем-шалыс, содыр болып қалады», - дейді екен. «Келген кісіні есіктен қайтарма, «қырықтың бірі - қыдыр» деген, қолыңнан дәм татқыз, ықыласын ал, шарапаты тиеді. Жас балаға зекіме, олар періштедей пәк, баланың мейірімі түссе бойың жеңілдейді. Итке «кет» деме, ол - жеті қазынаның бірі, иесіне жақсылық тілеп жүретін берекенің күзетшісі», - деген секілді қарапайым да астарлы кеңестерін беріп, келінді жағымсыз әдеттен сақтандырып, әдептілікке, кісілікке жетелепті. Сол арқылы іштегі балаға да тәрбие ұрығын сеуіпті. 
«Келін жыласа, бала жасық болады» деп келінді жылауға жеткізбей, қас-қабағына қарап, әлдебір суық хабар болса естіртпей, кездейсоқ зардаптардан қорғапты. Келіншектің күйеуіне «қосағыңның аяғы ауырлады, салмағын өзің көтеріс» деп, оның азаматтығына сенім артып, міндет жүктеген екен. Бала көтерген болашақ ананы боқтап, ауыр сөз айту немесе қол жұмсау қазақта үлкен күнә саналған. Ондай парықсыздыққа барғанда бүкіл ауыл болып айыптап, қатты сынға алған, жазалаған. 
Ертедегі ата-бабаларымыз жаратылысқа табына отырып, оны аялаған, табиғатпен үйлесімділікті сақтай отырып, сол табиғаттан көп нәрсе үйренген, жаратылыстың тылсым сырларын түсініп, танып-білуге құлшынған. Сол түсініп-түйсінгенін күнделікті тыныс тіршілігіне пайдаланған. Бүгінде ғылыммен қаруланған біздің үлкен сорымыз - табиғат-анадан бөлініп, ешбір құдіретке, тылсымға иланбай, «сенім» дейтін ұлы күшті тұншықтырып алғанымыз. Соның нәтижесінде ішкі жан-дүниеміз, ұлттық дүниетанымымыз ылайланып, обалды түсінбейтін, сауапты жасай алмайтын, парызды өтемейтін, күнәні мойындамайтын, тіршілікке тәуба демейтін мәңгүрттік дертке шалдыққанымыз жасырын емес. Қаттырақ кетіп, ащылау айтып жатқан себебіміз - тәрбие талғамын табиғаттан ажыратып, оқшау қарамасақ деген ойдан. 

Адам қуатты табиғаттан алады 
Бұл біз үшін жаңалық емес, бұрынғы өткен аналарымыз келіндерін табиғаттың өзімен тәрбиелеп, сол арқылы ұрпағына қамқорлық жасаған. «Шырағым, заңғар тауға қара, немеремнің өресі биік болсын! Жазық далаға, көкжиекке көз жібер, немерем кең пейілді дарқан болсын! Жайнаған гүлге қара, жайқалған көкорайға назар аудар, сәбиің шырайлы болады. Бұлақтың көзін аш, бала қайырымды, мейірімді болады» деген секілді ақыл-кеңестерін айтып, жас келіннің табиғатты қастерлей түсінуге, жақсы қасиеттерді жаратылыстың өзінен үйренуге баулыған. Ой жіберіп қарасаңыз, көңілі күпті аяғы ауыр әйел түгілі, былайғы адамның өзі бір сәт тауға көз жіберіп қарағанда ойы биіктеп, көңілі өседі. Сол секілді жазық далаға, сағымданған көкжиекке көз салсаң, жан сарайың кеңігендей болады әрі адамның көру қабілеті артады. 
Көңіліне түйгені мол көргенді енелер келіннің айы-күні жақындағанда далаға алып шығып, аяғын жалаңаяқтап таза жермен жүргізеді. «О, кеудесі түкті қасиетті Жер-ана, өзің медет бере гөр! Перзентіңді пәле-кесірден сақтап, бойын жеңілдете гөр!» деп тілек тілейді екен. Мұны негізсіз деп айта алмаймыз. Өйткені адамның денесіндегі артық энергияны, сыртқы әсерден бойға сіңген былғаныш күштерді жер өзіне тартып алатыны дәлелденген. Найзағай түскен, электр тоғы соққан адамды жерге көміп емдейтіні сондықтан. Оның үстіне жалаңаяқ жер басып жүргенде табандағы нерв нүктелерінің қызметі артып, адамның денсаулығына жағымды әсер береді. Қазір емшілердің емдеу тәсілдерінде табиғаттың өзінен, яғни науқасты күннің нұрынан, айдың сәулесінен, оттан, судан, жерден күш алып емдейтіндер жайлы жарыса жазып, жар салып жатады. Бұл да қазаққа таңсық емес. Қолында аяғы ауыр келіні бар қамқор ене ай сүттей жарық түнде келінді ай сәулесінің астында серуендетіп, ғарыш күшінің әсерін дарытқан. «Бала айдай сәулелі, айдай көпке ортақ, білікті болсын» деп тілепті. Келінді ай жарығында суға түсіріп: «Бала судай таза, судай тұнық, судай қажетті болсын» деп тілеген. Іле-шала маздап жанып жатқан отқа жақындатып: «Бала айналасына оттай опалы болсын, оттай мейірімді, оттай күшті болсын!» деп жас келіннің көңілін жақсылыққа жетелеп, жігерлендіріпті. Суық пен ыстықты кезек алмастыру арқылы денеге күш-қуат беруді ата-бабаларымыз бағзы заманнан білген...

«Кіндік шеше» деп кімді айтамыз? «Ит жейде» қандай болады? Жас босанған келінді бұрынғылар қалай күткен? «Қалжа» дегеніміз не? Бұл жайлы алдағы нөмірлерден оқисыздар.


Дайындаған Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Для зарегистрированных пользователей реклама отключена.
<
Аааа

12 декабря 2016 12:39

Информация к комментарию
  • Группа: Гости
  • ICQ:
  • Регистрация: --
  • Статус:
  • Публикаций: 0
  • Комментариев: 0
Кəзіргі енелердің енелік қасиеттері жоқ. Көпке топырақ шашпаймын əрине. Бірақ өзімнің енем сондай. Ақ жаулық киіп жастарға, келіндеріне енелік бір ақылын айтудың орнына, құран оқытылған дастарханымның үстіне маған арақ құймаған үшін құймасаң құйма деп елдің көзінше зіркілдеп ұрсып берген. Содан кейін қалай сыйлауға болады енені айтыңыздаршы. Менің ниеттеніп құран оқытқан дастарханымды сыламай тұрса ол кісіге ренжуім орындыма əлде жоқпа? Онысымен қоймай мені сол үшін, яғни айтқанын орындамағаным үшін неше түрліні қосып тұрып баласына, яғни жолдасыма жамандап отырғанынын да өз құлағыммен естіп қалдым. Ренішім басылар емес. Арақ құймаған үшін жаман атандым. Қандай өкінішті енемнің ақылының жеткен жері сол ғана болғаныма сонда?
<
Бибігүл

25 августа 2012 09:07

Информация к комментарию
  • Группа: Гости
  • ICQ:
  • Регистрация: --
  • Статус:
  • Публикаций: 0
  • Комментариев: 0
Көп рахмет сізге, Айгүл, Зейнеп апайымыздың ақылын көпшілікке жеткізгеніңізге. Халық дәстүрлерін сақтау, қазақ тілін дамыту жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын!
<
Балзия

11 января 2012 09:43

Информация к комментарию
  • Группа: Гости
  • ICQ:
  • Регистрация: --
  • Статус:
  • Публикаций: 0
  • Комментариев: 0
қазіргі біздерге,жас келіндерге өте қажет мәліметтер екен
шынында да қазіргі елуге келген енелердің көпшілігі келіндерін аяғы ауыр кезде күтуді білмейді.мысалға өзімді алсам босанғаннан соң қырық күн күтінбек түгілі бір апта да күтінбеппін.Сіздерге алғысым шексіз.Айгүл апай жұмысыңыз алға баса берсін!

Добавление комментария

Имя:*
E-Mail:
Комментарий:
Полужирный Наклонный текст Подчеркнутый текст Зачеркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Вопрос:
Қазақстанның астанасы -
Ответ:*
Введите два слова, показанных на изображении: *
^