» » » Төпә /әзіл әңгіме/ Қосқан Ғабиден Қожахмет
Информация к новости
  • Просмотров: 1775
  • Автор: janar
  • Дата: 4-07-2014, 03:53
  • 0
4-07-2014, 03:53

Төпә /әзіл әңгіме/ Қосқан Ғабиден Қожахмет

Категория: Той-думан » Әзіл-қалжың

ЖМИ НИЖЕ ССЫЛКУ, ЧТОБ УВИДЕТЬ ВЕСЬ ТЕКСТ ПОЗДРАВЛЕНИЙ!
Төпә
            (әзіл әңгіме)

Төпәнің үнемі айтатыны "Әйелді ұрмаңдар,жігіттер" деген сөз еді.Төпәнің бұл сөзін жұрт сан-саққа жүгіртеді."Осы Төпә "әйел-гүл,әйел-күн" дейтіндердің қатарынан емес пе?" Бірақ Төпә мұндай сөздерге пысқырып та қарамайды.Төпәға салсаң,"бәленің бәрі осындай сөз айтатындардан шығады өзі" деп,дұп-дұрыс ойыңды аулаққа алып қашатыны бар.Енді біреулер: "Осы Төпә тым әйелжанды жігіт емес пе?"-деп мырс-мырс күледі.Бірақ Төпәні білетіндер басын шайқайды: "Сендер Төпәні білмейсіңдер ғой,білмеген соң айтасыңдар". "Төпә әйеліне ғашық шығар",-дейді енді біреулер қыжыртып.Төпә,әрине,әйелін жек көрмейді,бірақ махаббат дейтін нәрсемен ойнауға онша құмар емес.
Енді неге Төпә "әйелді ұрмаңдар,жігіттер" деп көсемси қалды.Себебі Төпәнің ұғымында "әйелді ұрмау керек,ұрам деп қорқыту керек".Төпә осылай ойлайды."Таяқ әйелдің санасында үрей болып сақталып тұруы тиіс,-дейді Төпә.-Әйел әлгі жадында сақталынған деректі жойып жібермекке ұмтылады.Егер әйел таяқ жесе,әлгі дерек жойылады.Сонан-соң әйел айтатын болады: "Құдай-ай,таяқ деп әлдеқандай қылып жүргендерің осы ма?" Сондықтан әйелге таяқты көрсетпеу керек".
Төпә әулие шығар.Расында да Төпәнің әйелі осылай ойлаушы еді: "Мен неге Төпәнің айтқанын істеуім керек? Төпә кім еді сонша? Сол таяғын жесем,жеп көрейінші.Таяқ жеп жатқан сәтте,адам қандай сезімді басынан өткізеді екен? Талай бітпестей көрінген сериалдарды да бітіріп тастап жатырмыз ғой,Төпә да мені азаннан кешке дейін томпылдатып ұра бермейтін шығар.Төпәнің де таяғының бір аяқталатын кезі болатын шығар.Таяқ жеп болған соң,адам қандай әсерге бөленеді?"
Төпәнің әйелі осыны білмек болып,бір ай бұрын дайындық жасай бастайды.Әйелінің дайындық жасап жүргенің Төпә да біледі."Е,ата-бабамның аруағы жар бола гөр,атаның белі,ананың құрсағынан Төпә боп туғаным рас болса!.."-деп,Төпә да іштей дайындық жасап жүреді.Санаулы күндер өтіп,межелі уақыт келген сәтте,Төпәнің әйелі жын ұрғандай,өз-өзінен Төпәға тиісе бастаушы еді.Қарап отырған Төпәға тілін шығара ма.Төпә сын сағатының келіп жеткенін сезеді.Мол денесін ауыр қозғап,орнынан асықпай көтеріледі.Жұдырығын түйген күйі,балпаң-балпаң басып,әйеліне жақындайды.
-Ау,қойсайшы,-дейді Төпә.-Болды ғой.Жетті ғой...Қойсайшы! Қысқартсайшы.Тартсайшы тіліңді!
Осы кезде,құдая тоба,Төпә тура бір ұрып жібергелі жатқан адамша,әйелі бір ай бойғы дайындығының қайда кеткенін білмей қалар еді.
-Не,ойнап жатырмыз ғой,-дейді.-Ойнап жатырмыз ғой.Әзілдеп жатырмыз ғой.
Төпә бес секундтай әйеліне осылай шаншыла қарап тұрады,сөйтеді де бір жағына қарай бұрыла береді.Бұрыла береді де,дайындығының екінші кезеңіне көшеді.Екінші кезеңінде Төпә дауыс көтеруші еді.
-Әй,не деген адамсыңдар!-дейді Төпә.-Не деген адамсыңдар бұл!..
Төпә әлгі сөзді "не деген адамсың" деп,онсыз да "ойнадық қой,әзілдедік қой" деп тұрған әйелін одан әрі жер қыла бермес үшін,бағыттап,туралап айтпас еді,"не деген адамсыңдар?" деп көпше түрде айтады.Бірақ көпше түрде айтқанда да,сөздің қуаты кеміп,әлсірей қоймас еді.Оның үстіне дәл осы сәтте,Төпәнің ойнап жүрген балалары да жым-жырт бола қалады.Төпә ешуақытта балаларына көзін алартып қараған емес.Бірақ әлгі сөздің аржағында "сендерге де айтып жатқаным осы,сендер де келе-келе әкелеріңнің бетіне қарсы шығып жүрмеңдер.Төпә-бар,Төпә-тірі,Төпә-өзінің биігінде,құлаған жоқ!" дегенді де білдіріп жатушы еді.
-Жұмысқа барасың,-дейді Төпә даусын соза түсіп.-Жұмысқа барсаң да,арпалысып бара жатырған бір жұрт.Әй,солардың бәрі маған дос деп жүрсің бе?! Солардың бәрі маған дос деп жүрсің бе?! "Төке", "Төке" деп,бетіңе күле қарап тұрады.Кішкене сүрініп кетсең,итеріп жібергелі тұр,-дейді.
Осыны айтқанда,Төпәнің қызмет істеп жүрген мекемесі жай бір мекемеден гөрі,жаудың бекініп алған ұялы ордасы секілді еді де,Төпә соған мемлекеттің тапсырмасымен жанын шүберекке түйіп кіріп-шығып жүрген арнайы қызметтің адамы секілді еді.
-Үйге келесің,-дейді Төпә даусын одан әрі соза түсіп.-Үйге келсең де,құлаққа тыныштық жоқ.
Бірақ Төпәнің дайындығының бұл кезеңінің өзінің нақты уақыты болушы еді.Егер Төпә әйел,бала-шағасының осылай жым-жырт бола қалғанын қызық көріп,азаннан кешке дейін әңкілдей беретін болса,онда Төпәдан бедел кетер еді.Сондықтан Төпә дайындықтың бұл кезеңін өзінің нақты минөт,секөндтерінде тоқтатады.Тоқтатады да монологын орындап болған сахна әртістерінше әйеліне қарай бұрылады.Бұрылады да:
-Тамағың дайын боп қалды ма? Мен бүгін демалысымды пайдаланып,кешке дейін бітіріп алатын шаруаларым бар,-дейді.
Осы кезде әйелі жуас үнмен:
-Дайын боп қалды ғой,отыра берсеңші,-дер еді.
Төпә балпаң-балпаң басып барып отырады.Мұндай сәтте ешқашан теледидарды қоспайды.Себебі теледидар-нөмірі бірінші жау,өйткені теледидардың ішіндегілер Төпә аға ашуланып жүр екен деп,ешуақытта мойындай қоймайды,ойынын ойнап,күлкісін күліп жатады.Оның үстіне адам баласына дауа бар ма,әлгінде ғана жым-жырт бола қалған балалардың да келіп,үңіле-үңіле қалуы,тіпті әйелінің де келіп қарай қалып,"мынау әлгі бір әнді айтатын ана бір әнші емес пе?" деп,Төпәнің жүйке талшықтарын қытықтап ойнауы да мүмкін ғой.

Төпә мұндай сәтте газет оқиды.Газет дегенді ойлап тапқан адамның өзі әу баста еркектерге арнап ойлап тапқан құрал болу керек.Төпәнің газет дегенде-"Лениншіл жас" деген жалғыз ғана газеті бар еді."Ойбай-ау,бұл өзі қай заманнан қалған газет?" деп бұған таңданудын еш реті жоқ.Мәселе газеттің ескі немесе жаңа екендігінде емес,мәселе газеттің дәл қазіргі сәтте,өз ролін мүлтіксіз атқарып шыға алатындығында еді.
Төпәнің әйелі өзі институт бітіріп алған жан болса да,газет оқымайтындығы қандай жақсы десеңші.Егер Төпә жоқта әлгі газет еденге түсіп жататын болса,әйелі оны жерден көтеріп алып жатып та,"Лениншіл жас" деген жазуына үңілмес еді,үңіле қалған жағдайда да,мән бере қоймас еді.Әйтеуір,газеттің етек жағында әлдеқандай "Төсекте түлен түртсе...Әйелдерге он кеңес" деген жазудың болмайтындығын айт.Онда газет жинаған абырой,беделінен айрылып қалар еді.
Төпә газетті ашып,спорт бетіне үңіледі.Сол беттегі "Қайрат" "Пахтакорды" осы жолы ойсырата ұтты.Ордабаев қорғаған қақпаның қонақтар кілтін таба алмады.Әр кілтті бір салып көріп,ақыры еңселері түсіп,Тәшкендеріне қайтып кетті" деген жазуды оқиды.Газеттің қай шамадағы газет екенін осыдан-ақ біле беріңіз.Газеттің ескі немесе жаңа екендігін Төпә,әрине,өзі біледі ғой,бірақ әлгі хабарды қанша мәрте қайталап оқыса да,оқып болысымен "Әп,бәрекелді,біздің жігіттерге!" деп қалар еді.Егер Төпә осы көңіл-күймен әйеліне "Қайрат" "Пахтакорды" осы жолы ойсырата ұтыпты ғой" десе,әйелі бәрібір де "А,ұтыпты ма? Ұтқан екен ғой."Қайрат" деген біздікі ме сонда?" дер ме еді,кім білсін.
Төпә асқа да осы көңіл-күймен отырады.Бірақ Төпә ақылды ғой,үйдің атмосферасын сол ызғырық күйінде қалдырып шығып кетпейді,оған жылымық орнатып кетуі тиіс.Төпә мұны қалай істейді? Әйеліне жәркелештене күліп,әлгіндегінің бәрін жуып-шая бастамақ па? Жоқ,Төпә өйтпейді,Төпә ешқашан олай істеген емес.Төпә сол түнеріп отырған қалпы:
-Осы жексенбіде Сайлаудың үйі қонаққа шақырып жатыр екен,-дейді.Төпә осыны айтқанда "осы жексенбіде заманақыр болғалы жатыр екен" дегендей қылып айтады.Бірақ әлгі хабарға әйелі елең ете қалады:
-А,осы демалысқа шақырып жатыр ма екен?
-Осы демалысқа дейді ғой.-Төпә бір жері ауырып отырған адамша кіржиеді.
Бірақ мұнымен де тынбайды.Сәлден кейін әйеліне қарап отырып:
-Сайлаудың үйіне қай киімімді киіп барсам екен?-дейді.Осыны айтқанда,дәл қазір ұшып тұрып,Сайлаудың үйіне кеткелі жатырған адамша сұрайды.Төпә мұны әдейі сұрайды.Осы кезде әйелі:
-Ана киіміңді киіп барсаңшы,-деп,бір киімнің атын айтар еді.-Сол киімің өзіңнің тұлғаңды ашып,байытып көрсетіп тұрады,-дейді.
Әйелінің "ана киім" деп отырғаны-өзінің таңдауымен,өзінің қалауымен сатып алынған бір киім еді де,Төпә оны үстіне киіп көрген болатын,өзіне қонымды болып тұратынын білетін.Бірақ Төпә амалы құрып,шарасы таусылған,шегінерге жер таппай қалған жанша сөйлейді:
-Кисем киіп барайын енді...
Төпә осыны айтқанда "қайтейін,бұл жолы сен жеңдің,үстем түстің,тыңдадым сөзіңді,тыңдамасқа лажым да қалды ма" дегендей қылып айтады.Киімді киіп баратын Төпә,тойға барса,әдемі болып баратын Төпә,бірақ әлгі сөзден кейін әйелі басын изеп,жымыңдап қалар еді.Себебі бұл сөздің аржағында "сенің де талғамың талғам-ақ қой,бәйбіше.Ризамын ғой талғамыңа! Затты сатып алғанда,көзің танып тұрады ғой" деген сөздер де жатады ғой.
Әйелі Төпәні осы күні аяқ киімін белдеуден ағытқалы тұрған жеріне шейін шығарып салады.Төпә дәл осы сәтте жауға аттанып бара жатқан батыр секілді еді де,әйелі соны шығарып салып тұрған жары секілденіп,"мына жеріңе әк жұғып қалған ба?" деп Төпәнің тап-таза тұрған иығын қаққыштайды,әлдебір қыл-қыбырларды теріп алып тастаған болады.Төпәнің осыған іші жылиды,Төпәнің осыған іші жылып тұрады.Әйелін белінен ұстап,бауырына тартқысы келеді.Бірақ Төпә өйтпейді,Төпә ешқашан олай істеген емес.Сол тұрған қалпы: "Кешкісін қазаныңа ас салып қоя бересің бе,ертерек келермін",-дейді.Төпә осыны айтқанда,қазанына ас салынбай жүрген,үйінен тамақ ішпей жүрген жандай сөйлейді.Бірақ түсінген адамға ертерек келіп,бала-шағамның ортасында жарқырап бір отырайыншы деп отыр ғой Төпә.Төпә мұнымен де тынбайды.Сәлден кейін әйеліне жұмбақ кейіпте,күлімсірей қарап тұрып:
-Жатқаннан кейін жауырыныңды уқалап жіберемін бе...,-дер еді.Ойбай,Төпә немене емші ме?! Қолының биотогы бар кісі ме?! Бірақ неге екені белгісіз,әлгі сөзден кейін әйелі үлбіреген күйі төмен қарар еді.
-Қайдағыны айттыңыз-ау,-дейді-Қайдағыны айттыңыз-ау,отағасы-ай.
Төпәға әйелінің осы қалпы ұнайды,езу тартады.
Осы сөзден кейін әйелі:
-Орамал алсаңшы,-дер еді.-Қалтаңа беторамал салып алсаңшы.
Төпә таң қалады:
-Беторамал дегенді кеше бермеп пе едің?..
-Қой,ол кіршең тартқан шығар,-дейді әйелі.-Ол кіршең тартып кеткен шығар.
Ойбай-ау,кіршең тартатындай Төпә кешеден бері шахтаға түсіп шығыпты ма?!
Әйелі сол күйі барып,су жаңа беторамалды алып шығады.
-Қазір,қазір,-дейді лыпыл қағып.-Қазір,қазір.
Төпәнің қалтасындағы беторамалды алып жатып,Төпә мұны не істегелі жатырсың деп сұраған адамша: "Шайып тастай саламын ғой,-дейді.-Шайып тастай саламын ғой".

Төпә үйден алшаң басып шығады.
Есіктің алдына аялдап,оттығына қол жүгіртіп жатырған,сол-Төпә ғой.Шылымын бұрқ еткізіп тұтатып жатырған кім десеңіз,Төпә деген-сол.Жарты әлемнің тұтқасын ұстап тұрған адамша,кеудесін керіп,аяқты салмақпен тастап келе жатырған адамды көрсеңіз,соны Төпә деп ойлай беріңіз.
Егер Төпә әлгі жерде ашумен әйелін салып қалып немесе нұқып қалса,не болар еді? Бұдан кейін не болатынын ешкім де болжап айта алмас еді.Әйтеуір,Төпә үйден осы көңіл-күймен шықпас еді.Шыққан жағдайда да жүзіне ызғырық тепкен қалпы шығар еді.Мүмкін,Төпәнің сондықтан шығар,"әйелді ұрмаңдар,жігіттер" деп айтып жүргені,кім білсін.Төпәнің ішіне кім кіріп-шығып жатыр дейсің.Себебі Төпә да көлденең көк аттыларға сырын алдыра бермейтін жігіттердің бірі ғой.

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Для зарегистрированных пользователей реклама отключена.

Добавление комментария

Имя:*
E-Mail:
Комментарий:
Полужирный Наклонный текст Подчеркнутый текст Зачеркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Вопрос:
Адам болсаң "қазақ" деп жауап жаз!
Ответ:*
Введите два слова, показанных на изображении: *
^