» » » Жүректің терезесі /әзіл әңгіме/қосқан Ғабиден Қожахмет
Информация к новости
  • Просмотров: 2045
  • Автор: janar
  • Дата: 4-11-2013, 16:24
  • 0
4-11-2013, 16:24

Жүректің терезесі /әзіл әңгіме/қосқан Ғабиден Қожахмет

Категория: Әзіл-қалжың, Соңғы қосылған дүниелер

ЖМИ НИЖЕ ССЫЛКУ, ЧТОБ УВИДЕТЬ ВЕСЬ ТЕКСТ ПОЗДРАВЛЕНИЙ!
Жүректің терезесі
      (әзіл әңгіме)

Дәукен Сағи інішекті әлдебір отырыста көріп,танысқан болатын.Сыртқы тұлғасы көз салып қараған жанды сүйсінтетіндей-ақ сұлу әрі сымбатты жігіттің Дәукенді,әсіресе,таң қалдыра түскені-Сағи мінезінің соншалықты көркемдігі,ішкі жан-дүниесінің соншалықты байлығы,білім-санасының кемелдігі,ең бастысы жүректегі имани сұлулығы болды.Дәукен Сағимен әр кездесіп қалған сайын,көрікті әрі өте сымбатты жас жігіттің ішкі болмысының қасиеттеріне бойлай үңіліп,осы бір сыйлы інішекке деген қадір-құрметі бұрынғыдан да еселене түсетін.Оның үстіне көркем мінезді Сағидың ағаға деген інілік ілтипатында да ешбір жасандылықсыз,әу бастан ана сүтімен бойға біткен табиғи бір ізеттілік бар еді.
Сағи-әлі отбасын құра қоймаған бойдақ жігіт.Дәукеннің өзі бұл туралы "әй,Сағидың жұрт көзінен таса ұстап жүрген бір перизаты бар ғой,қу бала бір күні сол перизатты ел алдына жарқ еткізіп шығара қоймақ қой" деп ойланып жүретін.Жомарт табиғат бір басына ішкі сұлулықты да,сыртқы сұлулықты да аямай бере салған жігіт туралы кім-кімнің де дәл осылай тон пішпеуге хақысы да жоқ еді ғой.
Дәукен бірде осы ойын әзілге сүйеп жеткізе отырып: "Сағижан-ай,талай сұлудың жүрегіне шоқ түсіріп,өзіңе ынтық етіп,күндіз күлкіден,түнде ұйқыдан айырып жүрген жайың бар-ау?"-деп өзінің де жастық кезеңі есіне түскендей жымиып күлді.
-Қазір солай ғой,әрине,-деп аға сауалына Сағи да жымиып жауап берді.
-Бұрын олай емес пе еді?-деп Дәукен Сағидың әлгі сөзіне рахаттана күліп алды.
Бірақ бұл жолы Сағи күлген жоқ:
-Бұрын олай емес болатын,-деді.
-Қалай сонда?!-деп Дәукен Сағиға таңдана қарады.
-Себебі мен бұрын өте көріксіз бала болғанмын,-деді Сағи.
-Түкке түсінсем бұйырмасын,-деді Дәукен,-адам көріксіз болып келіп,осындай сымбатты әрі сұлу жігітке айналып кетуі мүмкін бе?
-Тыңдаңыз,ендеше,бұл ешкімге айта бермейтін сырым еді,-деп Сағи әңгімесін бастады.
***
Мектепте оқып жүргенде,өте көріксіз бала болдым,-деп сөзін жалғастырды Сағи,-оның есесіне жаным мен жүрегім соншалықты сұлу болатын.Әдетте адамдар "тәні сұлу деп кімді айтамыз?" деген сауалға "мынау","мынау" деп саусағымен нұсқап,нақты мысал келтіре алады да,"ал жаны сұлу деп кімді айтамыз?" деген сауалға келгенде,кібіртіктеп,нақты мысалды көрсете алмай,іштей өзін-өзі мысал қылып,оны сыртқа шығарып айтуға ұялып тұрушы еді ғой.Ал бір қызығы біздің мектепте "жаны,жүрегі сұлу бала деп кімді айтамыз?" деген сұрақ қойыла қалатын болса,мектептің директорынан бастап,мектептің табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршініне дейін саусағымен мені нұсқап көрсетіп: "Ол Сағи ғой","Сағи аға ғой" десіп жатушы еді.Тіпті оны айтасыз,мектеп жанынан өтіп бара жатырған әлдебір бейсуат адамның өзі де ешқандай сөйлесіп,әңгімелесіп те жатпастан: "Ойпырм-ай,мына баланың жаны мен жүрегінің сұлуын-ай,адам баласында да осындай жан-жүрегі сұлу,періште болмысты пенде болады екен-ау!"-деп,бас шайқасып,таңданып,"әй бірақ сыртқы түр жағынан келгенде табиғат мына балаға сараңдық танытқан екен,баланың түрі онша емес екен" деп кетуші еді.Түрімнің өте көріксіз болғандығы соншалық,тіпті айнаға қарауға да қысылушы едім ғой,ал егер айнаға қарай қалсам,жаным мен жүрегімнің сұлулығы айнаға шағылысып,айнаның бетi жарқырап кететiн.Мектепті үздік бітірдім,тіпті өзім оқыған қаладағы мектептердің сол жылғы бітірушілерінің бірде-бірін шаңыма да ілестірместен,жоғары білім беретін маңдай алды оқу орнының ең заманауи деген мамандығына қиналмастан топ ете түскен інілеріңіздің бірі мен едім.Жоғары мектепте өткізген алғашқы жылымда білімге құмартқаным соншалық,жан-жағыма қарауға мұршам да болмады,ал келер жылы сезім теңізіне мен де махаббат қайығын жүздіріп көрмек болам ғой,баяғы.
-Ау,дұрыс қой енді,-деді Дәукен шылымын тұтатып жатып,жастық,студенттік кез-махаббаттың дәуірі!
-Жүз қызға сөз салған шығармын,аға,-деді Сағи,-бірақ солардың бәрі бір ғана жауап айтатын.
-Анық жүз бе еді?-деп күлді Дәукен.
-Жүз болмаса да,тоқсан сегіз,тоқсан тоғыз боп қалатын шығар.Әлгі бір қыздардың әдемі сөздерге құмарлары болады ғой,жинап-теріп жазып қояды.
-Ол біздің кезіміздегі қыздарда да болатын,-деді Дәукен,-ұлы адамдардың махаббат жайында айтқан ұлағатты сөздерін жазып,жинап жүруші еді ғой.
-Біздің қатарымыздағы қыздар да одан құр алақан емес еді,сондай бір қыздардың жазуларына көзім түсіп: "Сұлу сұлу емес,сүйген сұлу", "Сұлулық-бетте емес,жүректе", "Нағыз сұлулық тән сұлулығында емес,жан сұлулығында" деп жазып қойған қыздарға барып сөз саламын ғой.
-Өзің арнайы есеппен қимылдайды екенсің,-деп күлді Дәукен.
-Иә,сөйтетінмін,-деп бұл сөзге Сағи да күлді.Бір қызығы әлгі қыздардың жауаптары бірдей болатын.Тура алғашқы сөз салған қызым өзінің жауабын қағазға жазып,кейінгі қыздарға: "Қыздар,мына жауапты жаттап алыңдар,ертең Сағи сендерге сөз салғанда,осыны айтасыңдар",-деп кеткендей еді.
-Сонда немене сен сөз салған қыздар бірін бірі таниды ма?-деп сұрады Дәукен.
-Жоқ,танымайтын,-деді Сағи,-бірақ бір қызығы әлгі жауаптардағы үтір,нүкте,леп белгі дейсіз бе,қыздың қай сөзді айтқанда қалай тұруы,дауыс кідірісі бәрі бірдей еді,тіпті әр сөйлемдегі сөйлем мүшелерінің орны бірде-бір рет ауыспайтын.Қыздар сол бір ғана мәтінді қайталап шығатын.
-Қызық екен,-деді Дәукен,-мұндайды бірінші рет естуім
-Өзім де соған таң қалып жүрдім емес пе?
-Сонда не айтады өзі қыздар?-деді Дәукен енді білмекке шын ынтығып.
-Қыздар әуелі маған бір қырындап тұрған қалпында алыс бір көкжиекке ойлы пішінде қарап тұрып,асқақ дауыспен "Сағи" деп үш леп белгіні қатар қойып кетуші еді.
-Бәрі де үшеуден кем қоймаушы ма еді?
-Үшеуден кем қоймайтын.Сонан-соң жүзін төмен салып,аз-кем ойланғандай күй танытып тұратын да,басын көтеріп жылдамдата сөйлеп кетеді: "Сағи,махаббат дүниесінің адамға берер әсері ұшан-теңіз емес пе?! Қай қыз,қай ару сезім шыңының шынар биігіне көтерілуді армандамайды дейсің?! Сол үміт,сол арман әрбір арайлап атқан таңның нұрынан жарқын болашақты елестеткендей,әрбір мақпалды түннің жұлдызды сәулесінен сиқырлы сезімге қол создырғандай күй кештірер.Ертеңге деген селкеусіз сенім жан-дүниесінде тынымсыз толқын тудырып,беймаза күйге түсірер.Еліктірер,елегізітер,елең қақтырар,қыз жүрегінің тыныштығын ұрлар.Тағдырлы өмір толқынында әлденеден секем алғандай күй кешкен сәттерінде де,үміт кемесінің жалаулы желкенін жықтырмас.Сол сенім,сол үміт өмір өзеннің арманды ағысында ұдайы махаббат шамшырағы болып жетелей берер,жетелей берер...
-Қыз осы жерге келгенде,кіріспе сөзін аяқтап,кідіріс жасайтын,-деді Сағи,-сонан-соң сөзінің негізгі бөліміне көшу үшін,жайлап қана маған бұрылатын.Мен осы кезде қыз маған әкемнің өлімін естірткелі жатқандай шошынатынмын.Себебі кіріспеде де,негізгі бөлімде де айтылар сөз маған әр әрпіне дейін таныс болатын.Мен енді қыз айтпақ сөздерді іштей қайталап тұрамын."Қыз қазір баяу үнмен "Сағи" деп айтады" деймін мен.Расында да қыз баяу үнмен "Сағи" дейтін."Махаббат дүниесінің адам үшін соншалықты құнды,соншалықты бағалы екендігін мойындамайтын жан кемде-кем шығар?" дейді қыз қазір".Расында да қыз дәл солай дейтін: "Махаббат дүниесінің адам үшін соншалықты құнды,соншалықты бағалы екендігін мойындамайтын жан кемде-кем шығар?". "Кейде сезім сәттерінің күнделікті өміріміздің қарапайым да қоңырқай көрінетін тұстарының өзін нұрлы сәулеге бөлегендей күй кештіретіні рас қой" деп айтады қазір".Қыз шынында да солай дейтін: "Кейде сезім сәттерінің күнделікті өміріміздің қарапайым да қоңырқай көрінетін тұстарының өзін нұрлы сәулеге бөлегендей күй кештіретіні рас қой"."Енді "Бірақ" деп айтады" деймін мен.Расында да қыз: "Бірақ..." дейтін."Махаббаттан да биік,махаббаттан да құнды сезімдердің бар екенін неге ұмытамыз?".Қыз да солай дейтін: "Махаббаттан да биік,махаббаттан да құнды сезімдердің бар екенін неге ұмытамыз?"."Оның аты-достық" деймін мен іштей күбірлеп."Оның аты-достық" дейді қыз да баяу үнмен дауыстап."Дос боп қалайық,Сағи" деймін мен қыздың айтқалы тұрған сөзін алдын-ала жобалап.Қыз да іле-шала солай дейтін: "Дос боп қалайық,Сағи"."Қыз қазір алақанын алақанына беттестірген күйі қолын үнді қыздарынша көкірек тұсына қояды" деп ойлап тұрам.Шынында да қыз алақанын алақанына беттестірген қалпында қолын үнді қыздарынша көкірек тұсына қоятын."Басын сәл-пәл иеді".Қыз шынында да басын сәл-пәл иетін."Жарты қадам артқа шегініп тұрады".Қыз шынында да сол қалпын сақтаған күйі жарты қадам артқа шегініп тұратын.
-Немене,сен сөз салған қыздардың бәрі әртістің оқуында оқып жүрген қыздар ма?-деп күлді Дәукен.
Бұл сөзге Сағи да күлді:
-Жоқ,аға,әрқайсысы әр түрлі мамандықта оқитын.Олардың ішінде арнайы әртістің оқуында оқып жүрген жалғыз ғана қыз болғаны есімде.
-Қызық,-деп Дәукен басын шайқады.
-Осылай уақыт өте берді,-деп әңгімесін жалғастырды Сағи,-сөйтіп жүргенде бір күні үйге нағашым келді.Нағашым Германияда тұрушы еді.Сол жақтың тәлім-тәрбиесін бойына сіңіргендігі сөзінен,жүріс-тұрысынан,жалпы болмыс-бітімінен сезіліп-ақ тұратын.Бір күні нағашым екеуміз оңаша отырғанда,ол кiсi былай деп сұрақ қойды: "Сағижан,оқуыңды үздік бітіріп,алдыңғы қатарлы,заманыңа қажетті мамандыққа қол жеткізіпсің.Мұныңа қуаныштымын! Біліміңді,біліктілігіңді дәлелдеп,қызметке де орналасыпсың.Мұның да табысты болсын! Ал енді апаңа қашан келін түсіріп бермексің? Бұл жағын ойланып жүрсің бе?"-деді.
"Әй,нағашыеке-ай,-деймін іштей қынжылып,-жиеніңіз жүз қызға сөз салып,соның бәрінен айна-қатесіз бір жауап естіп,мысы құрып отырған жоқ па?"

-Нағашым сұңғыла кісі ғой,айтқызбай түсінді."Сағи,-деді нағашым,-сен менімен бiрге еріп Германияға жүр,онда менің дәрігер досым бар,сені анадан жаңа туғандай етеді".Нағашымның айтуынша,оның әлгі неміс дәрігер досы аяқсыз туған балаға аяқ салған екен,онысы атақты футболист боп кетіпті.Тіпті аты аңызға айналған Пеле,Марадоналардың өзі әлгі баланың ойынына қарап отырып: "Егер мен ойнайтын команда осы бала ойнайтын командаға қарсы ойнайтын болса,мен сол күні алаңға шықпас едім,ірі есеппен ұтылып,жанкүйерлеріңнің алдында масқара болып жатқаннан гөрi,соның өзі дұрыс" деген ғой.Ал әлгі дәрігер қолсыз балаға қол салған екен,онысы атақты боксшы болып кетеді.Тіпті аты аңызға айналған Мұхаммед Әлидің өзі: "Егер мен қазір дер шағымда тұрған Мұхаммед Әли болғанның өзінде,осы балаға қарсы жекпе-жектен бас тартатыным анық"-дегенде,жанында отырған Майк Тайсон: "О,не дегеніңіз,Мұха,мен де соны ойлап отыр едім,мына балаға қарсы рингке көтеріліп,алғашқы раундтың алғашқы минөтінде-ақ еденде бүк түсіп жатқаннан гөрі,шаршы алаңға шықпағанның өзі артық қой"-деген екен.Ал әлгі дәрігер мисызға ми салған екен,онысы бүкіл әлемнің ғалымдары бір ғасырдан бері шеше алмай жатқан есепті бес минуттың ішінде жаңқалап-жаңқалап тастап,ғылымның ең мәртебелi сыйлығын қолтығына қысқан күйі,үйіне қарай байпаң басып кете барыпты.Сонда осының бәріне есігінің алдында қарап тұрған әлгі баланың туған әкесінің өзі: "Ойпырм-ай,бүкіл әлемнің милы адамдары жабылып,бір ғасырдан бері шеше алмай жатқан есепті менің мисыз балам бес минуттың ішінде түте-түтесін шығарды-ау!"-деп таң қалыпты деседi.Нағашымның шешімін естігенде,шешем безектеп қоя берді: "Жібермеймін Сағиымды,Сағиым осы қалпында-ақ әдемі!" "Қайран,ана!-деймін ішімнен,-әр анаға өз ұлынан асқан сұлу перзент болар ма?!"
-Ақыры бәрі де нағашым айтқандай болды.Нағашым: "Сен Германиядан қайтқанда,туған анаңның өзі де танымай қалатындай өзгересің",-деген еді.
-Үйге кіріп келгенімде: "Сағиға келіп пе едіңіз?-дейді шешем сызылып,-Сағи үйде жоқ еді?". "Апа,бұл мен ғой,-деймін,-мен Сағимын ғой!" Шешем сол кезде барып таныды: "Құлыным,даусыңнан таныдым ғой!"-деп келіп,мойныма асылды.Содан кейін де көп уақыт үйренісе алмай жүрді.Анадай жерден одырайып қарап тұрып: "Сағижан,сөйлеші",-дейтін.Сөйлеген кезімде барып: "Сағиымның даусы ғой,Сағиымның даусы!"
-Әлгі жүз қыз қайда кетті?-деді Дәукен күліп.
-Жүз қыз кеткен,бетін басып,бет-бетімен: "Ақымақпын! Ақымақпын! Сағидың осындай сұлу болып кететінін қайдан білейін? Ту,осы бар ғой,өмірі шешімді асығыс қабылдаймын да жүремше?! Ойланайын десем ғой сол кезде,солай деп неге айтпадым екен?!"
-Оның орнын жаңадан жүз қыз басқан?
-Бұлар да жүз бе еді?-деді Дәукен.
-Жүз болмаса да сол тоқсан сегіз,тоқсан тоғыз болып қалатын шығар.Қыздар жүректің терезесін қағады."Ақырын,қыздар,-деймін,-сындырып алуларың да мүмкін ғой".Бір қызығы бұл қыздар да бір ғана сөз айтатын.
-Бұлар да сөйте ме?
-Бұлар да сөйтетін.Бұл қыздар да алыс бір көкжиекке ойлы пішінде қарап тұратын да,баяу үнмен "Сағи" дейтін."Сағи,махаббат дүниесінің сырлы сезімі адам жүрегіне әдемі ән,әрге толы әлдиімен әсер етеді емес пе?! Ал егер осынау жанға жағымды әуен қыз жүрегін ғашықтықтың сазына бөлеп,әлдебір қиялдан кетпес нұрлы бейненің тұтқынына айналдырсаше? Күннің шұғылалы жарығында да,түннің ай дидарлы,күміс сәулелі тұнығында да сол бір бейне жаныңды мазалап,жүрегіңді тыныштығынан айырар сыңғыр қоңырау үніне айналып алса не болмақ?! Сол дидар көз алдыңда мәңгіліктің елесіндей болып тұрып алса не істерсің?! Күрсінерсің,күлерсің,бірде үміттің шырағын тұтатып,бірде көңіл-кемеңді сарыуайымның терең теңізіне батырып,арпалысқа түсерсің.Өз сезімін жалпақ жұртқа бар даусымен айқайлап жария етпесе де,сол бақытының өлшеміндей бағалы көрінген,арманының асылындай ардақты көрінген жанға сырын ашса,қыз-сезімге тағылар кінә қайсы?!
-Қыз осыны айтып болып,енді жайлап қана бұрылып,даусы дірілге толып,баяу,тіпті сыбырға тән үнмен,бірақ әр дыбысы әуезге толы айшықты үнмен: "Мен сені сүйемін,Сағи",-деуші еді.Сонан-соң осы айтқанынан өзі шошып кеткендей,басын тәкаппарлана көтеріп алып: "Жоқ!","Жоқ!" "Маған ештеңе де керек емес!"-дейді де,бетін басып,жылаған күйі аулаққа жүгіре жөнелетін.
-Бәрі де жүгіре жөнелуші ме еді?-деді Дәукен.
-Бәрі де жүгіре жөнелетін,-деді Сағи.
Енді Сағи мен Дәукен үнсіз отырып қалды.Екеуі де жүгіре жөнелген әлгі қыздардың ендігі тағдырлары не болады екен деп ойлап отырғандай еді.Үнсіздікті Дәукен бұзды:
-Енді осы жүз қыздың біріне неге үйленіп алмайсың?
-Әй,аға-ай,-деді Сағи,-сол жүз қыздың қайсысы шын ішкі дүниеме ғашық,қайсысы шын жаным мен жүрегімнің сұлулығына ынтық,соны білмей басым қатып жүрген жоқ па? Жуырда тағы да Германияға жүретін шығармын.
-Неге?-деп елең ете қалды Дәукен.
-Қайтадан бұрынғы қалпыма түспекпін,-деді Сағи.
Дәукен Сағидың бұрынғы қалпын көрмесе де,шошып кетті:
-Қой,айналайын,балалық жасама,әдемі түріңді бүлдірме,-деді.-Ал егер жүз қыздың бірде-бірі жаныңда қалмаса қайтесің?
-Онда білмеймін,ағасы,-деп Сағи басын шайқады.
***
Дәукен осы кездесуден соң,Сағиды көпке дейін көрмей кетіп еді.Бірде әлдебір танысынан: "Сағи үйленіпті ғой",-деген сөз естіді.
-Германияға бармапты ма?-деді Дәукен жұлып алғандай.
-Германияда не бар?-деді танысы.
"Бұл Сағидың бұрынғы өмірінен хабарсыз шығар" деген оймен Дәукен жауаптан жалтарып кетті:
-Ауырып қалмады ма екен,-дегенім ғой.
Әлгі танысы Дәукенге жақтыртпай қараған күйі кете барды.Сол көзқарасында: "Не деген іштар пенде едің? Сондай әдемі әрі ақылды балаға жақсылық тілеудің орнына..." дегендей ой жатыр еді.
Дәукен келе жатырып ойланды:
"Егер адамда шынымен жүрек терезесі деген терезе бар болатын болса,оны тек өмірі жүрек жамаумен өткен қарт профессор дәрігер ғана көре алар еді.Дәрігер жүректі ашып тастап шәкірттеріне былай дейді: "Қымбатты менің шәкірттерім! Адамда болатын жүрек терезесі деген мынау.Біз мұны еппен ғана былай алып қояйық.Мұны сындырып алсақ,ауыстырып салатын материал да жоқ".
Егер дәрігердің алдында өте көрікті әрi сұлу қыз немесе сондай жігіт жатса,дәрігер: "Ойбой,мына байғұстың жүрек терезесін сындырып жібере жаздапты ғой.Бұл да махаббатпен әбден-ақ ойнаған екен,бірақ жүрек терезесі де соғұрлым көп қағылыпты",-дер еді.
"Не де болса адамның жүрек терезесін бір ғана адамның,өзінің перзенттерінің әкесі немесе анасы болып,өмірлік серігіне айналар жанның қаққанына не жетсін?!"-деді Дәукен оттығына қол жүгіртіп жатып.Сонан-соң шылымын тұтатты да,әлгі ойлардың бәрін санасынан серпіп тастап,ширақ басып,жүріп кетті.

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Для зарегистрированных пользователей реклама отключена.
Информация к комментарию
  • Группа: Гости
  • ICQ:
  • Регистрация: --
  • Статус:
  • Публикаций: 0
  • Комментариев: 0
ақындардың жырын оқығым келеді

Добавление комментария

Имя:*
E-Mail:
Комментарий:
Полужирный Наклонный текст Подчеркнутый текст Зачеркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Вопрос:
Адам болсаң "қазақ" деп жауап жаз!
Ответ:*
Введите два слова, показанных на изображении: *
^